Сот жүйесінің ашықтығы мен судьялардың әділ төрелігі – мемлекет пен қоғамның дамуында маңызды орын алатыны белгілі. Осыған сай тәуелсіздік жылдары бұл сала көптеген реформаларды бастан өткерді. Сот жүйесі алдымен материалдық-техникалық жағынан толықтай қамтамасыз етіліп, судьялардың қолайлы жұмысына жағдай жасалды. Судьялардың тәуелсіздігіне кепілдік беретін құқықтық құжаттар да халықаралық талаптарға сәйкестендірілді. Ендігісі – адами фактор. Біз осы орайда еліміздегі алғашқы мамандандырылған сот саласы – әскери соттың тәжірибесі арқылы бүтін жүйенің жетістіктері мен жоспарларын білуді жөн көріп, Қазақстан Республикасы Әскери сотының төрағасы Сәкен АБДОЛЛАМЕН аз-кем сұхбаттасқан болатынбыз.
G M T Определить языкАзербайджанскийАлбанскийАнглийскийАрабскийАрмянскийАфрикаансБаскскийБелорусскийБенгальскийБирманскийБолгарскийБоснийскийВаллийскийВенгерскийВьетнамскийГалисийскийГреческийГрузинскийГуджаратиДатскийЗулуИвритИгбоИдишИндонезийскийИрландскийИсландскийИспанскийИтальянскийЙорубаКазахскийКаннадаКаталанскийКитайский (Упр)Китайский (Трад)КорейскийКреольский (Гаити)КхмерскийЛаосскийЛатинскийЛатышскийЛитовскийМакедонскийМалагасийскийМалайскийМалайяламМальтийскийМаориМаратхиМонгольскийНемецкийНепалиНидерландскийНорвежскийПанджабиПерсидскийПольскийПортугальскийРумынскийРусскийСебуанскийСербскийСесотоСингальскийСловацкийСловенскийСомалиСуахилиСуданскийТагальскийТаджикскийТайскийТамильскийТелугуТурецкийУзбекскийУкраинскийУрдуФинскийФранцузскийХаусаХиндиХмонгХорватскийЧеваЧешскийШведскийЭсперантоЭстонскийЯванскийЯпонский АзербайджанскийАлбанскийАнглийскийАрабскийАрмянскийАфрикаансБаскскийБелорусскийБенгальскийБирманскийБолгарскийБоснийскийВаллийскийВенгерскийВьетнамскийГалисийскийГреческийГрузинскийГуджаратиДатскийЗулуИвритИгбоИдишИндонезийскийИрландскийИсландскийИспанскийИтальянскийЙорубаКазахскийКаннадаКаталанскийКитайский (Упр)Китайский (Трад)КорейскийКреольский (Гаити)КхмерскийЛаосскийЛатинскийЛатышскийЛитовскийМакедонскийМалагасийскийМалайскийМалайяламМальтийскийМаориМаратхиМонгольскийНемецкийНепалиНидерландскийНорвежскийПанджабиПерсидскийПольскийПортугальскийРумынскийРусскийСебуанскийСербскийСесотоСингальскийСловацкийСловенскийСомалиСуахилиСуданскийТагальскийТаджикскийТайскийТамильскийТелугуТурецкийУзбекскийУкраинскийУрдуФинскийФранцузскийХаусаХиндиХмонгХорватскийЧеваЧешскийШведскийЭсперантоЭстонскийЯванскийЯпонский Звуковая функция ограничена 200 символами Настройки : История : Обратная связь : Donate Закрыть– Сәкен Жүсіпахметұлы, әңгіменің әлқиссасын сот жүйесіндегі жаңашылдықтардан бастасақ, сот саласындағы соңғы жылдардағы реформалар судьялар жұмысының тиімділігіне қалай әсер етті?
– Қазақстан судьялар қауымдастығы үшін бұл жылдар ғасыр жүгін арқалаған, ізденістерге толы жылдар болды. Осы уақыт аралығында мемлекет тарапынан аталмыш салаға соттардың материалдық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілуіне, судьялар мен сот қызметкерлерінің жұмыс істеуіне көп көңіл бөлінді. Онымен қоса, сот ісін жүргізуде жаңа ақпараттық технологиялар енгізіліп, соның арқасында жұмыс та едәуір жеңілдетіліп, халыққа да сот төрелігінің ашықтығы мен қолжетімділігі сезіліп отыр. Дәлірек айтқанда, сот саласындағы қазіргі жағдай мен 20 жыл бұрынғы ахуалды мүлде салыстыруға келмейді. Қазіргі уақытта судьялар, жалпы, сот саласының мамандары небір заманауи техникалармен, технологиялармен қамтамасыз етілген. Зәулім ғимараттар еншілеген соттарда азаматтарға барлық жағдайлар жасалған. Ал ең басты және маңызды мәселе – судьялар мен оның айналасындағы мамандарды дұрыс іріктеп, халықтың сеніміне және құрметіне ие болып, әділеттік пен заңдылықты қамтамасыз ететіндей жұмыс атқару болып қала береді.
– Ал әскери сот жүйесінің соттың басқа тармақтарынан қандай ерекшелігі бар?
– 1992 жылғы маусым айында құрылған Қазақстан Республикасының Әскери соты – еліміздегі алғашқы мамандандырылған сот.
Жалпы, әскери деген аты болмаса, сот құрылымының басқалардан айтарлықтай өзгешелігі жоқ. Әскери соттың мәртебесі – облыстық соттармен, ал республика аумағындағы 10 гарнизондық әскери соттар және аса ауыр қылмыстық істерді қарайтын мамандандырылған ауданаралық әскери соты – аудандық соттармен теңестірілген.
Алайда әскери соттардың басқалардан ең басты айырмашылығы – онда қаралатын істердің ерекшелігінде. Мәселен, әскери сот қарайтын азаматтық істер бойынша тараптардың бірі әскери қызметші, әскери басқару органы немесе әскери бөлім болуы тиіс. Ал қылмыстық істерде сотталушылардың біреуі әскери қызметші болуы ләзім. Осы жерде айта кететін бір мәселе, өркениетті, дамыған елдердің соттары міндетті түрде маманданған соттарға бөлінген.
– Бүгінде әскери соттың алдында қандай міндеттер тұр?
– Осы жылдар аралығында әскери соттарда жүргізілген жұмыстардың жемісті болғандығын заң шеңберінде және уақтылы қаралған қылмыстық, азаматтық істердің сапа көрсеткішімен есептеуге болады. Ең бастысы, азаматтардың заңды мүдделері мен құқықтары уақтылы және толық көлемде қорғалып келеді. Осы жылдары әскери сотқа сенім қалыптасқандығын арыз-шағымның азайғанынан да байқауға болады. Оның үстіне біздің ұжымда тәртіп, ынтымақ, сыйластық жоғары екендігін ерекше айта кеткен жөн болады.
Жалпы бұған дейін әскери сот саласында сот аппараты мен сот төрелігін жүзеге асыру кезінде қажетті жағдай жасайтын тиісті ұйымдастырушылық және техникалық материалмен қамтамасыз етуге жауапты бөлімдер болмаған еді. Сол кезде әскери соттың жұмысында біраз қиыншылықтарға кезігіп келдік. Осыған орай, Президенттің Жарлығымен 2016 жылы «Әскери сот әкімшісі» республикалық мекемесі құрылып, құрамында персоналды басқару және қаржы бөлімдері, құжаттамалық қамтамасыз ету басқармасы, әскери соттардың қызметін қамтамасыз ету сияқты жаңа құрылымдар пайда болды.
– Жоғарыдағы бір сөзіңізде сот ісін жүргізуде жаңа ақпараттық технологиялардың енгізілгенін тілге тиек еттіңіз. Бұл жұмысқа қандай артықшылықтар берді? Осыны тарқатып айтып берсеңіз.
– Иә, соңғы жылдары сот жүйесі заманауи ақпараттық-коммуникациялық технологиялар арқылы электрондық іс қағаздарын жүргізуге және сот ісін жүргізуге ауысу бойынша үлкен жұмыстар атқаруда. Соттар қазір күнделікті жұмысында IT-технологиялар мен ғаламтордың озық мүмкіндіктерін кеңінен пайдаланады. Себебі жаңа технологиялар іс жүргізу уақытын елеулі түрде қысқартып, сот жұмыстарының көрсеткіштерін оңтайландырады. Ең бастысы, халықтың жүйеге қолжетімділігі қамтамасыз етілуде. Мәселен «Сот кабинеті» ақпараттық қызметі іске қосылған сәттен бастап пайдаланушылар оның мүмкіндіктерін жоғары бағалауда. Оған қызмет арқылы жолданған үш милионнан астам құжат дәлел бола алады деп ойлаймын. Жалпы аталмыш қызметті қолданудың нәтижесінде республикадағы әскери соттарға электронды түрде келіп түскен талап-арыздың көрсеткіші былтыр 99,7 пайызды құрады.
Сонымен қатар сот жүйесінің тағы бір айқын жетістіктерінің бірі – сот отырысы залдарын 100 пайыз дыбыс-бейне тіркеу құрылғысымен жабдықтау. Осы жүйенің артықшылығы дыбыс-бейне тіркеу құрылғысы барлық процеске қатысушыларды, оның ішінде судьяларды да тәртіпке салады, онымен қоса сот отырысын жүргізу барысында туындайтын даулы мәселелерді шешуде көмегі зор. Бейнеконференция байланысын ұйымдастырып, сот отырыстарын қашықтықтан жүргізуге де қол жеткіздік. Сондай-ақ бұл құрылғы сот отырыстарының уақтылы басталуын бақылауға, хаттамаларды қысқа түрде жазуға да мүмкіндік береді. Яғни, сот процесіне қатысушы тараптардың, судьялар мен сот қызметкерлерінің жұмысын жеңілдетіп, уақыттары біршама үнемделуде. Айта кету керек, былтыр гарнизондардың әскери соттарында сот процестерінің 98,5 пайызы дыбыс-бейне тіркеу жүйесін қолдану арқылы жүргізілген болатын. Соның нәтижесінде тараптардан түсетін арыз-шағымның мүлдем тоқтағанын ерекше атап өтуге болады.
Сонымен бірге «Төрелік» ақпараттық талдау жүйесіндегі «Жазаны тағайындау» жаңа қызметі судьялардың, әсіресе жаңадан тағайындалған қазылардың нағыз көмекшісіне айналды. Бұл жүйеде қылмыстық іс бойынша ақпаратты зияткерлік тұрғыда талдау үшін барлық алгоритмдер жинақталған. Атап айтқанда, бұл жүйе сотталушының жасаған қылмысына қарай және жеке басына сәйкес жаза тағайындауға бағыт-бағдар береді. Оған қоса сот шешімі шыққаннан кейін автоматты түрде атқару құжаттарын сот орындаушыларына жолдауға және оның орындау қозғалысын бақылауға мүмкіндігі бар. Бұл сот органдары мен Әділет министрлігінің ақпараттық базаларын интеграциялаудың нәтижесінде орын алып отыр.
Қазіргі таңда әскери соттарда ішкі құжат алмасу да, мемлекеттік органдармен хат алмасу да 100 пайыз электронды түрде жүргізіледі. Бұл өз кезегінде пошта шығындарына төленетін мемлекеттік бюджеттік қаражатты және азаматтардың уақытын үнемдейді. Сот төрелігінің жүзеге асыру процесін де біршама жеңілдетеді.
– Әскери сот арқылы ақпараттар электронды түрде шұғыл алынатынына қарамастан, көпшілік мұндағы жұмыстың бәрі құпия деп ойлайды. Шын мәнінде солай ма?
– Әрине, «әскери» деген сөзді естігенде, көпшіліктің ойында «жабық режім, мемлекеттік құпия» деген ұғым қалыптасқан. Бәлкім, әскери сот болған соң да солай ойлайтын шығар. Әлбетте, әскери сотта құпия белгісі бар істер мен жабық сот отырысында қаралатын істер бар. Қоғамның назарын аударған істер де болды. Мысалы, мемлекеттің жоғарғы шенділеріне және әртүрлі генералдарға қатысты қылмыстық істерге төрелік жасалды. Кейбір ауқымды істердің көлемі мыңнан астам томды құраған. Алайда сот шешімінің жариялануы ашық түрде, БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткізілді. Көпшіліктің бізді «жабық мекеме» деп ойлауының бір себебі әскери сот туралы жағымсыз жаңалықтардың аздығымен байланысты болуы да мүмкін.
Сонымен қатар, сот жүйесінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз байланыс орнаттық. Бізде өтетін іс-шаралар мен қоғамдық мәні бар істер туралы ақпараттар үнемі интернет парақшалары мен басылым беттерінде жарияланып тұрады. Соттардың сайттары тұрақты жұмыс істеп, онда азаматтарға қажетті ақпараттар үнемі жаңартылып, толықтырылады. Соттың барлық жұмысы азаматтарға ашық әрі анық көрініп тұрады. Оған қоса, әрбір азамат ашық сот процесіне қатысып, сот төрағасының қабылдауында болуға кедергі жоқ.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан»